АСТАНА, 4 желтоқсан — Sputnik. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл ұлттық валютада Қазақстанның қасиетті жерлерін бейнелеуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Таяуда ғана әлеуметтік желілерде, ел арасында және ақпарат құралдарында Ұлттық банк таныстырылымын өткізген 500 теңгелік жаңа банкнотқа қатысты қызу пікірталастар жүрді. Осыған қатысты қаржылық реттеуші ресми түсініктеме беруге де мәжбүр болды. Бұл ретте жаңа 500 теңгеге кескінделген елордадағы "Москва" коммерциялық бизнес орталығының бүкіл Қазақстан үшін еш ізгі символдық мәні жоқтығы сөзсіз", — дейді депутат.
Айтуынша, бүкіл әлемде ұлттық валютада таңбаланатын бейне символдық мәнге ие болып табылады. Сондықтан оған қоғам да, орталық банктер де бейжай қарамайды.
"Мұны дамыған елдер тәжірибесінен де байқауға болады. Тіпті көрші Ресейдің өзі биыл айналымға түсетін 200 және 2000 рубльдің жаңа банкноттарында не кескінделетінін бүкіл Ресей бойынша жүргізілетін ашық конкурс пен дауыс беру арқылы таңдап алды. Сондықтан бұл іс маңызды, яғни ұлттық валютамызда не бейнеленетінін жалғыз Ұлттық банк дизайнерлерінің жеке таңдауына ғана қалдырмай, қоғамдық талқыға шығару керек", — деген пікірде Бақытбек Смағұл.
Осы орайда, оның пайымдауынша, Елбасы жариялаған рухани жаңғыру стратегиясы ұлттық валютада да көрініс тапқаны жөн. Әрі бұл тек теңгеміздің жазуларын кейін латын графикасына көшірумен ғана шектелмеуі қажет.
"Сонымен қатар ұлттық валютада барша қазақстандықтар, сондай-ақ бүкіл түркі дүниесі үшін қасиетті, киелі жерлер көрініс тапқаны абзал. Оларды алыстан іздеудің немесе интернеттен қараудың қажеті жоқ. Барлығы бойынша жан-жақты ақпараттар, деректер рухани жаңғыру аясында қолға алынған Қазақстанның киелі жерлері жобасы аясында жинақталуда. Ғалымдар мен қоғамдық қайраткерлер қазірдің өзінде 100 жалпыұлттық және 500-дей өңірлік мәдени ескерткіштерді іріктеп алғаныв мәлім. Елбасы "Болашақ бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласында олардың бастылары қатарына Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бисет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудің киелі мекендерін және басқа да жерлерді жатқызады", — дейді ол.
"Киелі жерлерді ұлттық валютада бейнелеу арқылы оларды барша Қазақстан халқына, жас ұрпаққа және елімізге келетін шетелдік туристер мен мәртебелі меймандарға, сондай-ақ жаһандық коллекционерлер арасында насихаттап отыруды ұсынар едім", — деп түйді сөзін депутат.