АСТАНА, 17 желтоқсан — Sputnik. Қазақстандық оқушы Ақназар Қажымұрат халықаралық олимпиаданың жеңімпазы атанды, деп хабарлайды "Назарбаев зияткерлік мектептері" АБҰ баспасөз қызметі.
Алматылық оқушы "Математика" секциясында бақ сынап, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 20-дан астам қарсыластың ішінен топ жарды.
Оқушылардың білімін Гарвард, Стенфорд, Дьюк, Корнел, Тсинхуа университеттерінің атақты профессорлары бағалады. Әділ қазылардың айтуынша, бұл олимпиада соңғы жылдардағы ең күрделі конкурстардың бірі болып танылған.
Бүгінде Ақназар Алматыда физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 11-сыныпта оқиды. Бейжіңдегі жеңіс оқушыға әлемнің жетекші білім ордаларына жол ашып отыр. Десек те Ақназар Қазақ-британ техникалық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің гранттарына ие.
Ақназардың есімі әлемнің жас дарындылары арасында өте танымал. Ол талай рет математика саласындағы еуропалық ғылыми конгрестерге, симпозиумдарға қатысқан. Былтыр жазда қазақстандық вундеркинд Индонезияда өткен халықаралық физика олимпиадасының жеңімпазы атанды.