АСТАНА, 15 желтоқсан – Sputnik. АҚШ президенті Дональд Трамп иммиграциялық виза лотереясы бойынша елге келетін адамдарды қоғамның "ең нашар өкілдері" деп атап, аталған тетікті алып тастауға шақырды, деп хабарлайды РИА Новости.
"Лотерея бар. Сіздер адамдарды таңдайсыздар. Мемлекет бізге ең жақсы адамдарды беріп жатыр деп ойлайсыздар ма? Жоқ", — деді Трамп Вирждиния штатында ФТБ Ұлттық академиясында өткен жиында.
"Бұл не қылған жүйе? Олар елге лотереяның арқасында келеді. Олар бізге өздерінің ең нашар адамдарын жіберіп жатыр, оларды қоқыс сияқты лақтырып тастайды", —деді президент.
Оның айтуынша, әкімшілік Конгресті "тізбекті миграцияны" жойып, визалық лотерея тәжірибесін тоқтатуға шақырады.
Осыған байланысты Трамп Нью-Йоркте болған екі терактіні еске салды. Оның айтуынша, екі террорист те Америкаға қазіргі иммиграциялық саясаттың арқасында келген. Біреуі "тізбекті миграция" тетігінің арқасында АҚШ тұрғыны атанса, екіншісі визалық лотереяда жеңіске жеткен.
Трамп 3 қарашада, Манхэттендегі терактіден кейін де осыған ұқсас мәлімдеме жасаған болатын.
Естеріңізге салып өтсек, 31 қазан күні Өзбекстан тумасы Сейфулло Саипов Нью-Йоркте жүк көлігімен көшедегі адамдарды жаншып өткен еді. Салдарынан сегіз адам қаза тауып, 10-нан астамы жараланды. Саипов лотереядан грин-карта ұтып алған.
Ал дүйсенбіде Бангладеш тумасы Манхэттен орталығында қолдан жасалған бомбаны жарып, бірнеше адамды жарақаттады. Қылмыскер Америка визасын АҚШ-та тұратын туысқандары болғаны үшін алыпты.