АСТАНА, 15 желтоқсан — Sputnik. Астанада қоғамдық көлікпен жүруге арналған бір айлық қағаз билеттер жойылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты.
"Олардың орнына бірыңғай көліктік карталар қолданылатын болады. Бірақ тариф құны бұрынғы деңгейінде қалады. Ал картасын алдын-ала 3 айға толтырғандарға айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылған", — делінген әкімдік хабарламасында.
Сонымен, 2018 жылдан бастап елордамызда қоғамдық көлікпен жүруге арналған бұрынғы бір айлық қағаз билеттер сатылмайды. Олардың орнына енгізілетін "айлық жол жүріс" тарифін барлық қоғамдық көлікпен жүруге мүмкіндік беретін картаға ақша салу арқылы толтыруға болады.
Қала ішіндегі бағыттар бойынша тарифтің құны бұрынғыдай – 7500 теңге, қала маңындағы елді-мекендерге қатынайтын қоғамдық көліктердегі айлық тариф – 9500 теңге көлемінде қалмақ.
"Сондай-ақ, жолаушы көліктік картасын алдын-ала 3 айға толтырса, баға 22 500 теңге емес, 20 мың теңге болады. Көліктік карта да бұл жолаушыға тегін беріледі. Бұл жолақысын төлеудің электронды жүйесіне толықтай көшудің маңызды кезеңі болып табылады. Көліктік картасы жоқ азаматтар оны арнайы кассалардан немесе RTVM-автоматтары арқылы сатып ала алады. Картаны арнайы кассалар мен RTVM-автоматтар арқылы, QIWI мен Касса24 терминалдары арқылы толтыруға болады. Соңғы аталған терминалдардың мобильді қосымшалары мен веб-сайты бар", — деп атап өтті "Астана LRT" ЖШС.
Болжам бойынша, жаңа көліктік карталар уақыт өте келе, жол ақысын төлеудің кең таралған құралына айналады. Карта иесі оны үнемі өзімен алып жүруі тиіс. Тарифті жеке кабинет арқылы да толтыруға болады.
Электронды картаның өзі 400 теңге тұрады.