АСТАНА, 15 желтоқсан — Sputnik. Көкшетауда жанып жатқан үйден сіңлісі мен бауырын алып шыққан қызға алғыс хат ұсынылды, деп хабарлайды төтенше жағдайлар жөніндегі департамент баспасөз қызметі.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақмола облысы құтқарушылары ҚР ІІМ ТЖД төрағасы атынан 8 жастағы оқушы қызды алғыс хат және бағалы сыйлықпен салтанатты түрде марапаттады.
"Көкшетау қаласы Красный Яр ауылының №3 мектебінде 3 сыныпта оқитын Совет Ұлдана Дәуірқызы үлкен ерлік жасады. Оқушы 9 қарашада өртке оранған үйден сіңлісі мен бауырын алып шықты", — делінген ТЖД хабарламасында.

Сол күні балалардың анасы түнгі ауысымға жұмысқа кетіпті. Ал ересек қыздары туыстарына кеткен екен. Түн ішінде үйден өрт шығады, 8 жастағы қыз құтқарушылар келгенше кішкентай балаларды алып шыққан.