АСТАНА, 14 желтоқсан – Sputnik. Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтары көбейген. Бұл туралы бүгін ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мадиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мадиевтің ақпаратына сүйенсек, екі ел арасында визасыз режим енгізілгеннен кейін, Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар саны едәуір өскен.
Оның айтуынша, отандастарымыз Оңтүстік Кореяда заңсыз жүргеннен кейін түрлі қылмысқа барады. Тіпті адам өлтіруден тайынбайды.
"Олар адам өлтіруден бастап зорлық-зомбылық, өрт қою мен ұрлыққа дейін барады. Араларында қаңғыбас болып кеткендер де бар. Кореяның ақпараты бойынша қазір "қара" риэлторлар тобы жұмыс істейді. Олар қазақстандықтарды жинап, Кореяға заңсыз жұмысқа жіберіп отырады. Ондай адамдар қара жұмыс істеп, жантүршігерлік жағдайда өмір сүреді. Олардың еңбек құқықтары қорғалмаған, келісімшарт та, медициналық сақтандыру да болмайды", — деген Мадиев Қазақстан азаматтарына абай болуға кеңес берді.