Қоғам

СІМ Сирияда жүрген қазақстандық балалар туралы айтты

© Sputnik / Саид Царнаев / Медиабанкке өтуСириядағы соғыстан құтқарылған бала, архивтегі сурет
Сириядағы соғыстан құтқарылған бала, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жақында 11 адам – екі әйел мен тоғыз бала Сириядан елге оралды

АСТАНА, 14 желтоқсан – Sputnik. ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мадиев Сириядағы соғыс аймағында жүрген қазақстандық балаларды елге қайтару жұмысы жалғасып жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Әйел мен бала - Sputnik Қазақстан
Қоғам
СІМ Сирияда құтқарылған қазақстандық балалардың елге қашан жеткізілетінін айтты
"Сирияда аккредиттелген консул соғысқа байланысты қазір Бейрутте жүр. Біздің елшілікпен бірлесіп балалардың аты-жөнін анықтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Сирияда қазір қанша қазақстандық жүргенін сіздерге  ешкім де айтпайды, тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өзі де.  Себебі әр азаматтың шетелге шығуға конституциялық құқығы бар. Олардың қақтығыс аймағына қалай тап болып жатқанын ешкім де бақыламайды. Егер азамат қандай да бір себептермен соғыс аймағына келіп, консулдық есепке тұрмаса, дер кезінде көмек көрсету қиынға соғады. Сондықтан олар есепке тұруы қажет. Туысқандары жүгінген кезде, елшілік пен консулдық бірден әрекетке көшіп, олар тұрып жатқан жерлерге барады, отанына қайтару үшін тиісті шараларды қолға алады", — деді Мадиев Астанада өткен баспасөз мәслихатында. 

СІМ өкілінің айтуынша, жақында Сириядағы ұрыс аймағынан 11 адам – екі әйел мен 9 бала елге оралған. Бұл жұмыс одан әрі жалғасын табады. 

"Қазақстанның көптеген азаматы соғыс аймағына өз еркімен кетіп,  террористік ұйымдардың атынан соғысып жүр. Бүгінде олардың көбісі қаза тапты, артында балалары қалды. Балалар босқындар лагерінде орналастырылған. Олардың нақты мекенжайын анықтау бойынша жұмыс жалғасады.  Дегенмен бұл оңай шаруа емес. Себебі балалардың дені кішкентай, қайда, не істеп жүргенін білетін жаста емес. Қазір біз тиісті шара қабылдап, ресейлік тараппен оларды отанына қайтарып жатырмыз", — деді ол. 

"Оларды елге қайтарғаннан кейін бейбіт өмірге бейімдеу керек. Себебі балалардың қандай ортада өмір сүріп, не оқығанын сіздер де білесіздер. Бұл бағытта білім министрлігімен, құзырлы органдармен жұмыс жүргізіліп жатыр", — деді Мадиев. 

Департамент директоры Қазақстанның құзырлы органдарымен бірлесіп Сириядағы балалардың мекенжайын анықтау және отанына қайтару бойынша шаралар кешені әзірленіп жатқанын атап өтті.


Жаңалықтар
0