1986 жылы 26 сәуірге қараған түні атом электр станциясында ядролық реактор жарылды. Осы жантүршігерлік апат салдарынан қаншама станция қызметкерлері, өрт сөндірушілер, дәрігерлер, шахтерлер, физиктер, әскерилер мен қатардағы сарбаздар денсаулығынан айырылып, қаншасы ажал құшқан. Бұл адамдарды апат салдарын "жоюшылар" деп атайды.
Бастапқыда олардың біраз бөлігі қорғаныш костюмдерсіз жұмыс істеп, көп мөлшерде радиация алды, көпшілігі қаза тапты. Тірі қалғандары сәуле күйіктерін алып, айықпас дертке шалдыққан. Өмірлеріне төніп тұрған қатерге қарамастан "Чернобыльдықтар" атом станциясындағы өртті сөндіріп, реактор қалдықтарын бөлшектеді.
1986 жылы 30 қарашада бұзылған энергетикалық блок үстіндегі саркофаг құрылысы аяқталды. Ал екі аптадан соң, яғни 14 желтоқсанда Кеңес Одағының орталық басылымдары ЧАЭС төртінші энергетикалық блогын қорғаушы кешеннің іске қосылғаны туралы хабар таратты. Бұл хабарлама жарияланған күн Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқан адамдарға құрмет көрсету күні болып қабылданған.
Бүгінгі фотолентамызда апат салдарын жою барысындағы сирек кездесетін архивтік кадрлар ұсынылады.