АСТАНА, 13 желтоқсан — Sputnik. Қарағандыда Костенко атындағы шахтада күзет фирмасы қызметкері Александр Мороко көз жұмды. Ақпаратты Sputnik Қазақстанға кәсіпорынның еңбекті қорғау жөніндегі технологы растады.
"Александр Мороко "Беркут —7" күзет агенттігі ЖШС-ның мердігер ұйымында жұмыс істеді. Ол қызметке сағат 9.00-де кіріскен, ал 10.40-та шлагбаумға технологиялық автобус келген. Оған шлагбаумды ешкім ашпаған. Біраз уақыттан кейін жүргізуші қызметкер еденде ес-түзсіз жатқанын көрген. Алғашқы көмекті көрсетуге тырысқанымен нәтиже болмаған", — деп түсіндірді технолог.
Костенко шахтасы өкілінің айтуынша, 47 жастағы Мороко таңертең дәрігерлік тексерістен өткен, бірақ денсаулығына шағымданбапты.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамға өкпе артериясының тромбоэмболиясы деген диагноз қойылды.
"АрселорМиттал ТемІртау" АҚ-дағы дауға кісі өлімінің ешқандай қатысы жоқ. Қан ұйығы жарылып, әп-сәтте көз жұмған. Полиция келіп, қалай болғанын сұрады", — деп толықтырды технолог.