АСТАНА, 11 желтоқсан – Sputnik. Астана мемлекеттік мұрағатында «Тоғыз жолдың тоғысындағы Астана» бірегей фотодеректі көрмесі ашылды. Экспозицияда елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру және Астананың қалыптасу кезеңдерінен сыр шертетін құжаттар ұсынылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Елорданы ресми көшіру күнінің 20 жылдығына орайластырылған көрмеге қалалық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мұрындық болды. Экспонаттар ҚР Ұлттық және Мемлекеттік мұрағаттарының қорларынан жиналған.
Елордалықтарды осынау мерейлі датамен құттықтаған Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев өткенге көз жүгіртіп, Астанадағы алғашқы күндерін еске алды.
"Мүмкін жұрт ең алғаш көшіп келгенде, Астанада бәрі жақсы болды деп ойлайтын шығар. Олай болған жоқ! 97-ші жылдары қорғаныс министрлігін бүкіл жерден көрсетпейтін, қайда тұратынымызды білмедік. Мен, мәселен, бас штабты басқарсам да, бір техникумның спортзалында тұрдым: темір керует, астымда матрас, тоңып қалмас үшін үстіме де матрас жамылдым. Бас штаб бастығы бола тұра, осылай өмір сүрдім. Мен бұл туралы бірінші рет айтып тұрмын",- дейді Ертаев.
"Халық қаһарманы" президенттің Астананы көшіру бастамасына қарсы шыққандар көп болғанын айтты.
"Тарихсыз ел жоқ. Әсіресе, Астана тарихының парағы өте өзгеше. Астана болашағымыздың парағын ашты. Оның ең үлкен төрінде біздің Тұңғыш Президентіміз тұр. Астанаға көшер алдында талай әңгіме болғаны бәрімізге мәлім. Ашығын айту керек, Елбасының идеясына докторлар, профессорлар, ақсақалдарымыз наразылығын білдірді. Бірақ президент еліне сеніп, болашақты ойлап, үлкен іске бел буды. Мемлекет үшін маңызды шешім қабылдады. Болашақты ойлаған ағаларымыз, достарымыз президенттің шешімін құптап, қолдау көрсетті. Бұл саяси жағынан да, тарихи жағынан да қажет болды", — дейді Ертаев.
Ал Беларусьтің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Анатолий Ничкасов Астана сол кездің өзінде жастар үшін ойластырылғанын айтады.
"Елорда сол кездің өзінде-ақ жастар үшін ойластырылып, қалыптасты. Болашақ жас Қазақстан үшін. Бүгінде Астана төрінде өткен маңызды оқиғалардың қорытындысын шығаруға болады. Елордада мемлекет басшысының тапсырмасымен Сирия туралы келіссөздер өтіп жатыр, 2010 жылы ұзақ мерзімді үзілістен кейін ЕЫҚҰ отырысы өтті. Посткеңестік әлем мемлекеттің әлемдік қауымдастыққа танылғанын сезінді. "ЭКСПО" көрмесі әлем елдерінің өз идея, технологияларымен Қазақстанмен бөлісуге дайын екенін көрсетті", — деген елші барша қазақстандықты, әсіресе идея авторы президент Нұрсұлтан Назарбаевты мерейтоймен құттықтады.
Елорданың бірінші әкімі Әділбек Жақсыбековтың жеке мұрағатынан алынған құжаттар мен фотосуреттер көрмеге ерекше көрік береді. Стеллаждарға қала басшысының өмірбаяны, дипломдары, мемлекеттілікті дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге қосқан үлесі үшін табысталған наградалары қойылған.
Бұдан басқа шетелдік делегациялар Астана әкімдігіне тарту еткен кәдесыйлар да көрмеге қойылды. Еліміздің бас қаласын ауыстыру процесі туралы құжаттар мен қаулылар ұсынылған.
Айта кетейік, көрме желтоқсан айының соңына дейін жұмыс істейді.