АСТАНА, 4 желтоқсан – Sputnik. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының жаңа ғимараты қашан салынатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте өтіп жатқан үкімет сағатында депутат Қуаныш Сұлтанов министрден Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ театрының жаңа ғимараты қашан және қай жерде салынатынын сұрады.
"Жақында Елбасы Астананың бас жоспарын қараған кезде Қуанышбаев театрына жаңа ғимарат салу мәселесі назардан тыс қалмады. Жаңа ғимаратты салу "Самұрық-Қазына" компаниясына жүктелді. Жаңа ғимараттың белгіленген жері Ақорданың артқы жағындағы этнопарк болатын. Бірақ ол жақ халықтың келуіне ыңғайсыз болғандықтан, қазір басқа жер қарастырылып жатыр. Биыл Астананың жиырма жылдығын тойлау кезінде алғашқы құрылыс капсуласы қағылады деп ойлаймын", — деді Мұхамедиұлы.
Айта кетсек, Астанадағы қазақ драма театрына жаңа ғимарат салу мәселесі көп жылдан бері айтылып келеді, бірақ әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ.