АСТАНА, 11 желтоқсан — Sputnik. "Астана" футбол клубы Еуропа лигасының 1/16 финалында лиссабондық "Спортингпен" ойнайды.
Бүгін Швейцарияның Ньон қаласында Еуропа лигасының жеребесі тартылды. "Астананың" қарсыласы португалиялық «Спортинг» клубы атанды. Еуропа лигасы плей-оффының алғашқы кезең матчтары 15-22 ақпан аралығында өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, "Астана" футбол клубы чехиялық "Славия" командасын ұтып, қазақстандық клубтар арасында алғаш рет Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне өткен болатын.
"Астанаға" міндетті түрде жеңіс керек еді, өйткені "Славияға" қарсы алдыңғы ойын тең аяқталды.
Станимир Стойловтың "Астана" клубымен жасасқан шартының мерзімі осы матчтан соң аяқталды, алайда тараптар оны ұзарту туралы әлі келісімге келген жоқ.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Астана" футбол клубының командасын осы жетістігімен құттықтады.
"Сіздердің табыстарыңыз команданың ойынын зор қызығушылықпен әрі үмітпен бақылап жүрген миллиондаған қазақстандыққа қуаныш сыйлады. Сіздердің жетістіктеріңіз Қазақстанда футболды және спорт саласын одан әрі дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Елордамыз Астананың 20 жылдығы қарсаңындағы бұл жеңістің ерекше символдық мәні бар", – делінген жеделхатта.
Соңында Қазақстан Президенті команда мүшелерінің бәріне зор денсаулық пен амандық тілеп, алға қойған мақсаттарының орындалуына ниеттестік білдірді.