АСТАНА, 10 желтоқсан – Sputnik. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Оқиғаларды тексеру департаменті Алматы әуежайында "Эйр Астана" ұшағы неліктен ұшу-қону жолағы аумағынан шығып кеткенін анықтап жатыр, деп хабарлайды ҚР ИДМ азаматтық авиация комитеті.
"Эйр Астана" әуе компаниясы хабарлағандай, Алматыдан Бангкокке ұшып шыққан ұшақ ұшу-қону жолағы аумағынан шығып кеткен. Ұшақ тұраққа сүйреп әкелінді.
"Ұшақ сағат 01.47-де тұтқаны бұру кезінде ұшу-қону жолағы аумағынан шығып кеткен, кейін әуе кемесі ангарға сүйреп әкелінді. Ұшақ ауыстырылды, аталған рейстің барлық жолаушысы Бангкокке аттанды. ИДМ Оқиғаларды тексеру департаменті мән-жайды анықтап жатыр", — деп хабарлады азаматтық авиация комитеті.
Бұдан бұрын Qazaq Air және Air Astana-ның 15 әуе рейсі кешігіп жатқанын жазған едік. Олардың көбісі Алматы бағытына ұшуы тиіс болған, сондай-ақ кешіккен рейстердің арасында Шымкент, Жезқазған және Орал ішкі рейстері де бар.
Air Astana әуе компаниясының Алматыдан KC 641 және KC 995, сондай-ақ Астана — Алматы бағдарында KC 632 және KC 996 рейстері тоқтатылды.