АСТАНА, 8 желтоқсан — Sputnik. Каспий айдынына Құрық көпсалалы паром кешенінен экспорттық бағдарға алғашқы қазақстандық және транзиттік жүк жіберілді, деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
Кедендік ресімдеуден өткізілген соң, алғашқы жүк тиелген 29 автокөлік, бос автокөлік пен бір жеңіл машина паромға тиелді. Тасымалданатын жүк құрамында Қазақстанда және Орта Азияда өсірілген ауылшаруашылығы өнімдері мен құрылыс материалдары және басқа да тауарлар бар.
"Жаңа қазақстандық Құрық портының болашағы зор. Біз алдағы уақытта автокөлік инфрақұрылымы арқылы алғашқы жүк ағыны жіберілген соң, бұл бағдардағы тауар тасымалдау қарқын алатындығына сенімдіміз",-дейді кеме капитаны А. Пирмурадов.
"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ вице-президенті Б. Орынбасаровтың айтуынша, компания мемлекет басшысының "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" жолдауындағы тапсырмаларды орындауын жалғастыра түсуде. 2017 жылдың басынан бастап Құрық теміржол паромымен 700 мың тонна жүк тасымалдау жоспарланғанымен, қазірдің өзінде 1 миллион 350 мың тонна жүк тасымалданды.
Атап өтерлігі, 6 желтоқсандағы Жалпыұлттық телекөпір кезінде Құрық портында Каспий айдынына тестілік сынақ ретінде автокөлік пирсі гидротехникалық имаратымен автокөлік паромына кеменің кіруіне мүмкіндік әперді. Құрық паром кешені теміржол мен автокөлік жолы арқылы келіп, оны жерге түсірместен, бірден кемеге кіріп, тиеуге барынша қолайлы жағдай жасалған, ерекше, өзіндік заманауи теңіз инфрақұрылымы.
Жаңа Құрық паром кешені еліміздің транзиттік-көлік әлеуетін дамытуды жүзеге асырып жатқан Жаңа Жібек жолының маңызды тізбегі болып саналады.