АСТАНА, 3 қазан — Sputnik. Дариға Назарбаева бастаған ҚР Парламенті сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің депутаттарына Құрық портындағы паромды кешенінің мүмкіндіктері мен инфрақұрылымы көрсетілді.
"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ вице-президенті Бауыржан Орынбасаров депутаттарға құрылысы "Нұрлы жол" бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып жатқан порттың келешектегі дамуы туралы ақпарат берді.
Былтырғы жылдың желтоқсан айында алғашқы іске қосу кешені – қуаты 4 миллион тонна жүк көтеретін теміржол құрамдас бөлігі пайдалануға берілді. Ағымдағы жылдың тоғыз айында жүктерді ауыстырып тиеудің көлемі 914 мың тонна болды.
Негізгі жүктердің номенклатурасы — мұнай өнімдері, контейнерлер, химиялық тыңайтқыштар, халықтық тұтыну тауарлары, құрылыс материалдары.
Биылғы жылы жүктерді ауыстырып тиеудің көлемін 1 миллион 200 мыңға, ал келесі жылы 3 миллион тоннаға жеткізу көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта Құрық портына шойтастарды өңдеу және оны жеткізу, сонымен қатар порттағы инфрақұрылым және ғимараттардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Құқық портынан Құрық ауылына дейін созылған 21,7 шақырым автокөлік жолын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Құрық паромды портының екінші іске қосу кешенінің құрылысы кезінде 186 мамандық бойынша мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.