Қоғам

Торғай өңірінің жұрты "жерді жалға бермейміз" деген министрдің сөзіне сенбей отыр

© SputnikЗымыран
Зымыран - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Тұрғындар егер жер жалға берілмесе, 152 миллион теңгенің Жангелдин ауданына не үшін төленетінін түсінбей әлек

АСТАНА, 7 желтоқсан – Sputnik. Торғай өңірінің жұрты "Ресей зымырандарының қалдықтары құлайтын жер Жангелдин ауданынан бөлінбейді" деген Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі  министрі Бейбіт Атамқұловтың  сөзіне сенбей отыр. Бұл туралы бүгін сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Қостанай облысының Жангелдин ауданында тұратын бір топ тұрғыннан Ресей зымырандарының қалдықтары құлайтын аумақ үшін Торғай өңірінен жер бөлінуіне алаңдаушылық білдірген хаттар түсіп жатыр. Авторлар бұған дейін мұндай хатты қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың атына жолдағандарын баяндай келіп, одан алынған жауаптың өздерін қанағаттандырмай отырғанын мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, министрдің хатындағы "жерді жалға бермейміз, бұл ақша Ресей үшін емес, ауданға бөлінетін  152 миллион теңге қазынадан емес, ғарышқа  жауапты "Бәйтерек" компаниясының қаржысынан алынады" деген уәждердің шындыққа жанасымды екеніне күмән келтіреді. Олар егер жер жалға берілмесе, 152 миллион теңгенің ауданға не үшін төленетінін де түсінбей отырғанын алға тартады", — деді депутат үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сауалында. 

Зымыранға қарсы жүйе - Sputnik Қазақстан
Ресей Қазақстандағы полигонда зымыран шабуылына қарсы сынақ жүргізді
Айтуынша, министрдің жауап хатында шынымен ақшаның неге бөлінетіні ашып айтылмаған. 

"Сонымен қатар, "Бәйтерек" Қазақстанның компаниясы болса, өз жерімізге құлайтын Ресейдің зымырандары үшін төлемді де өзіміз төлеп отырған болып шықпаймыз ба? Тіпті бұл ақша өтемақы болған күнде де, оны өзімізге өзіміз төлеуіміз қай қисынға жатады?" деп жазады хат авторлары. Тағы бір айтарлығы, Қостанай облысының осы жолғы жер бөлінеді деп отырған Жангелдин ауданының аумағына бұған дейін де талай мәрте зымыран бөлшектері құлап келген. Нақты айтқанда, Ақтөбе облысымен шекаралас Ақшығанақ ауылының маңында 46 мың гектар алқап ұзақ жылдар бойы осы мақсатта пайдаланылып келген. Оларға бүгінге дейін ешқандай ақша төленбеген. Ал ендігі зымыран құлау аумағына кіргелі тұрған Ақкөл және Қарасу аудандарының тұрғындары мына хабардан кейін құлақтарын айырықша түріп отыр. Өйткені арнайы 152 миллион теңгенің қарастырылуының өзі зымыран құлауының адамға зиян екенін білдірмей ме?", — деді сенатор. 

Депутат үкімет басшысынан бұл мәселе бойынша жан-жақты жауап беруін өтінді. 

"Бұл сұрақтың бізді де толғандыратыны, осыған қатысты бірқатар жайттың өзімізге де толық мәлім емес екені рас. Сондықтан Торғай өңірі жұрты алға тартып отырған осы өзекті мәселеге орай жан-жақты түсіндірілген жауап беруіңізді сұраймыз ", — деп түйді сөзін Бақтиярұлы.

Жаңалықтар
0