АСТАНА, 5 желтоқсан — Sputnik. Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулы Чжан Вэй екі елдің қарым-қатынасының келешегі мен қазақ қоғамындағы қытайларға байланысты қауіп-қорқыныш жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бас консул Қазақстанда кейбір адамдардың қытайлардан неге қорқатынын түсінбейтінін айтты.
"Біз көршіміз. Қытай ешқашан ешкімге шабуыл жасаған емес. Біздің төраға жақында өткен съезде Қытайдың әрі қарай да бейбіт жолмен жүретінін қадап айтты. Біз басқа елдермен ынтымақтастығымызды өзара құрмет, сенім, түсіністік, достық негізінде дамытып, нығайтуға мүдделіміз. Егер бізбен қарым-қатынас орнатқыңыз келсе, біз ашықпыз. Егер бас тартсаңыздар, біз оған құрметпен қараймыз. Біз ешкімге жалынбаймыз, ешкімді мәжбүрлемейміз. Тек сөз жүзінде емсес, іс жүзінде осылай болады", — деді ол.
Айтуынша, кеңестік менталитеттен қалған дұшпандық көзқарас тарихта қалуға тиіс.
"Бүгін ол қайталанбауы керек. Қазір адамдар бір-бірін жақсы түсініп, достық қарым-қатынаста болуы қажет. Қытай мен Қазақстанның іскерлік және инвестициялық ынтымақтастықты дамытып қана қоймай, білім мен мәдениет саласындағы байланысты кеңейтуге әлеуеті зор", — деп атап өтті ол.
Бұл орайда Чжан Вэй қазақстандық және қытайлық студенттердің саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.