АСТАНА, 5 желтоқсан — Sputnik. Өткен аптада ҚР премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев Алматы қаласында жұмыс сапарымен болды. Сапар аясында оған Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың ішкі істер органдарымен бірге Е-айыппұл жобасы қалай жұмыс істеп жатқанын көрсетті. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басшысы Бағдат Мусин Facebook-тегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, Жұмағалиев Алматы аумағында техпаспорт, сақтандыру, техникалық байқау құжатын міндетті түрде алып жүруді тоқтату жөнінде тиісті тапсырма беріп үлгерген.
"Алайда жүргізуші куәлігі бойынша белгілі бір халықаралық талаптарға қайшы келіп жатырмыз, дегенмен оны да алып тастау жағын қарастырамыз", — деп түйіндеді комитет басшысы.