АСТАНА, 13 шілде – Sputnik. Енді жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін мамандандырылған ХҚКО-на барудың қажеті жоқ, деп хабарлайды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы.
Олар әдеттегі ХҚКО-да "Жүргізуші куәлігін" ауыстыру үшін құжаттарды өткізе алады.
Пилоттық жоба әзірге ХҚКО-ның үш бөлімінде іске қосылды: Астана қаласы, Алматы ауданының №5 бөлімінде, К.Сатпаев к-сі, ВП-25; Алматы қаласы, Жетісу ауданының №1 бөлімінде, Құлагер ш/а Серикова к-сі, 6 және Майлин к-сі, 85 №2 мамандандырылған бөлімінде. Жоба мамандандырылған ХҚКО-на түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ автокөлікті сүйетін жандар жүргізуші куәлігін қала сыртына шықпай-ақ ауыстыра алады.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, астаналықтар мен алматылықтар емтихан тапсыруды қажет етпейтін болса, кез келген ХҚКО-да жүргізуші куәлігін ауыстыра алады. Яғни, мерзімі аяқталған куәліктерді ауыстыру, тегін өзгерткенде және жоғалтқан жағдайда берілген уақытша жүргізуші куәлігін тұрақты жүргізуші куәлігіне ауыстыру кезінде осы мүмкіндікті пайдаланады.
"Жүргізуші куәліктерін ауыстыруға өтініштерді дүйсенбі мен сенбі аралығында, сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін, түскі асқа үзіліссіз қабылдайды. Дайын құжаттарды – жұмыс кестесіне сәйкес: дүйсенбіден бастап сенбіні қоса алғанда, сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін, түскі үзіліссіз алуға болады", – деп түсіндірді Оспанов.
Жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін ХҚКО жүгінген кезде өзімен бірге келесі құжаттар болуы қажет: жеке басын куәландыратын кұжат; №83 нысаны бойынша медициналық анықтама және оның көшірмесі; төлем төлегендігі туралы түбіртек; тегін ауыстырған жағдайда – оны растайтын құжат; жоғалған жағдайда – уақытша куәлік; кәсіби жүргізушілерге – "С", "D", "D1", "Tm", "Tb" санаттарын қостыру үшін жұмыс орнынан анықтама; шетел азаматтығы бар жүргізушілерге – Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық корпуспен жұмыс жөніндегі ұйымның жолдамасы.
Естеріңізге сала кетейік, мамандандырылған ХҚКО-да көлікті тіркеу және қайта тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет алу, сондай-ақ жүргізуші куәліктерді беру екі сағатқа дейін қысқарды.
Қазіргі уақытта МХҚКО-тары Қазақстанның 12 қаласында қызмет көрсетуде: Астана, Алматы, Карағанды, Тараз, Ақтау, Павлодар, Петропавл, Қызылорда, Талдықорған, Қостанай, Ақтөбе және Шымкентте. Сондай-ақ, тұрғындарға ыңғайлы болу үшін, Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында көлік құралдарын тіркеу және қайта тіркеу бойынша қызметтер көрсететін МХҚКО-ның секторлары жұмыс жасайды.