АСТАНА, 3 желтоқсан — Sputnik. Бейбітшілік және келісім сарайында "Астана дарыны — 2017" байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған байқауға қатысуға 200-ден аса өтінім түскен. 16 аталым бойынша үздіктер анықталды.
Қатысушыларды марапаттау салтанатына Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен ҚР Парламентінің мәжіліс депутаттары Бақытбек Смағұл мен Серік Сәпиев қатысты.
Байқауда ғылым, үкіметтік емес ұйым, театр, қоғамдық қызмет, спорт, журналистика, жас кәсіпкер, жыл еріктісі, әлеуметтік саланың үздік қызметкері, эстрада, жыл студенті, кино, үздік мемлекеттік қызметкер және т.б номинация бойынша мықтылар анықталды.
Қатысушылардың құрметіне эстрада өкілдерінің қатысуымен концерт өтті.
Айта кетейік, Астана әкімдігі аталған байқауды жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.