АСТАНА, 13 қараша — Sputnik. "Қазақстандағы 100 жаңа есім" жобасының алғашқы кезеңі аяқталды. El.kz порталында жалпыхалықтық онлайн-дауыс беру арқылы жобаның іріктеу кезеңінен өткен 102 жеңімпаз анықталды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев фейсбуктегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, комиссия әділдік үшін дауыс саны бойынша алғашқы жүздіктен сәл ғана төмен тұрған екі үміткерді де тізімге қосуды жөн санаған.
Дәурен Абаев жобаға атсалысқан барша жұртшылыққа — еліміздің жаңа есімдері туралы жан-жақты ақпарат берген журналистерге, бізге қолдау көрсеткен волонтерлер мен қоғамдық ұйым мүшелеріне алғыс білдірді.
"Өтінімдерді жинау барысында елімізде мақтан етуге де, өскелең ұрпаққа үлгі етуге де лайықты мыңдаған бірегей жандардың бар екеніне куә болдық. Осынау жаңа есімдер арқылы тұтас Тәуелсіз Еліміздің табыс тарихының жаңа парақтары ашылмақ", — деп түйіндеді ол.