АСТАНА, 2 желтоқсан — Sputnik. Ақтауда әскери борышын бірге өтеп жүрген жігіт орындықпен басынан ұрған Дәулет Әшіров операциядан кейін есін жиып, жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды, деп хабарлайды "Лада" жергілікті басылымы.
Сарбаз 20 қарашада ауыр хәлде ауруханаға түскен болатын.
"Ол комада жатты. Миындағы гематоманы алып тастау үшін шұғыл түрде операция жасалды. Ауруханаға түскенде, науқасқа бас сүйек жарақатын алып, миына қан құйылды деген диагноз қойылған болатын. Ем алғаннан кейін жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылған. Науқастың хәлі ауыр, бірақ бет бері қарады, қазір жасанды тыныс алу құрылғысымен тыныстап жатыр. Есін жинады", — деп пікір білдірді Маңғыстау облыстық ауруханасының нейрохирург дәрігері Рахат Беков.
Зардап шегушінің анасы Жанна Айтақынова хабарлағандай, казармадағы бақылау камерасы арқылы айыпты табылған. Жігіттің хәлі бір аптада жақсарса, ұшақпен Алматыдағы әскери госпиталге жеткізеді.
"Тергеу жүріп жатыр. Ең бастысы баламның басынан орындықпен ұрған адам жазасын алсын. Әділдік жеңіп шығады деп сенеміз. Бұл жерде дегеніме жетпесем, бас прокуратураға арыз берем. Бұлай қалдырмаспын. Жазасын алуы тиіс", — деп мәлімдеді Жанна Айтақынова.