АСТАНА, 2 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұма күні "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпаздарымен кездесті. Форум барысында президент қазақстандықтар ғылым мен білімге ұмтылуы керектігін айттын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мені өмірде не таңғалдыратынын айтқым келеді. Мәселен, кәрістер – Жер шарындағы ең еңбекқор халық. Таңғы жеті-сегізден барлық кәріс жұмыс орнында отырады. Кешке таман бұл кәрістерді кеңседен табасың. Кореяда көшеде теңселіп, қыдырып жүрген балаларды көрмейсің. Онда қылмыс жоқ, адамдардың бәрі жұмыс істейді. Бала мектептен кейін курстарға барады немесе секцияға қатысады. Жоғары білімі жоқ қыз университетте оқыған жігітке тұрмысқа шыға алмайды. Ал күйеуге шыққаннан кейін, үйде отырып, бала тәрбиесімен айналысады. Қазір бұл ел барлық салада ғылыми-техникалық прогресс үлгісін көрсетіп отыр", — деді Елбасы.
Назарбаев Қазақстан жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруы тиіс екенін, жалқаулықты жеңіп, алға ұмтылуы керектігін айтты.
"Жапондарды алайық. Мені жапондардың сыпайылығы, қонақтарға деген махаббаты таңғалдырады. Бір-біріне сыпайы иіліп, сәлем береді. Бұл барлық ұлтқа тән", — деді Назарбаев.
Сондай-ақ президент БҰҰ шешімімен өткен ғасырдың ортасында құрылған Израильді мысалға келтірді.
"Бес жүз мың еврейді Палестинаның тас даласына әкеп тастады. Ештеңе жоқ: су да, құнарлы топырақ та, маман да жоқ. Ал бүгінде Израиль бізді жыл бойы құлпынай, шиемен асырап отыр. Израильдің ғылыми технологиялары ең үздік саналады, дәрігерлері де мықты", — деді Назарбаев.
Президент Қазақстан да өзінің "фишкасын" табуы керек екенін айтты. Оның пікірінше, қазақстандықтардың "фишкасы" білім мен ғылымға ұмтылыста болуы керек.
Қазақстан халқына қонақжайлылық, мейірімділік пен қамқорлық тән, деп түйіндеді Елбасы.