АСТАНА, 1 желтоқсан — Sputnik. Бүгін Астанада "100 жаңа есім" жеңімпаздарымен кездесіп жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жас блогердің хатына тәнті болғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мен бір жас блогердің хатын оқыдым. Ол осы жылдар ішінде мен төрт нәрсені айтқым келеді деген. Біріншісі – тәуелсіздіктің жариялануы мен шекараның белгіленуі. Екіншісі – нарықтық реформалар мен жекешелендіруге тезірек өткізу. Осының арқасында мыңдаған кәсіпкер жұмысын бастады. Үшіншіден, көпұлтты қоғамда келісім мен тұрақтылық орнады. Төртіншіден, әлемде Қазақстанның жауы жоқ, бәрімен доспыз. Мен жетістіктерді оннан бастап жиырмаға дейін айта берер едім. Бірақ жас блогердің төрт артықшылықты қалай ғана тап басып айтып бергеніне таңғалдым", — деді Президент.
Айта кетсек, "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасы елдің дамуына елеулі үлес қосқан талантты жандарды танытуды мақсат етеді. Қазақстанның кез келген азаматы өтініш жіберу арқылы өзінің табысқа жету тарихымен бөлісуге мүмкіндік алды.