АСТАНА, 1 желтоқсан — Sputnik. Елорда перзентханаларында 1 желтоқсан күні түнгі ауысымда 27 нәресте дүниеге келді. Тұңғыш Президент күні өмірге келген алғашқы баланың есімін ата-анасы Нұрсұлтан деп қойды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Қаланың үш перинаталдық орталығында түнгі ауысымда 27 сәби өмірге келді. Оның 11-і ұл, 16-сы қыз бала. Бірінші желтоқсанда бірінші болып туған ұл баланың есімі Нұрсұлтан, ал қыз балаға ата-анасы Әлима деген ат берді.
Бұл күні отбасылар елорда әкімдігінің сый-сияпатына бөленді. Есіл ауданының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров №1 перинаталдық орталықта босанған әйелдер мен олардың аналарын құттықтады. Бұған қоса Астана әкімі Әсет Исекешевтің қос мерекемен құттықтау хатын жеткізді.
"Статистикаға сүйенсек, елордада және жалпы алғанда елімізде жыл сайын бала туу көрсеткіші көбейіп, өлім-жітім көрсеткіші азайып келеді. Өткен жылы Астанада 27 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Ағымдағы жылдың 10 айында 23 мың нәресте туды. Бұл өткен жылы туғандардан 900 балаға артық", — деді Надыров.