АСТАНА, 1 желтоқсан — Sputnik. Алматы облысында полицейлер үйінен қашып кеткен 14 жасар оқушыны іздеп тапты, деп хабарлады ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Облыстық департаменттің ақпаратынша, 14 қараша күні Ескелді ауданының полициясына Бақтыбай ауылының ерлі-зайыптысы жүгініп, қыздарының жоғалып кеткенін айтқан.
Белгілі болғандай, оқушы 12 қараша күні ата-анасымен бірге Талдықорғанға барған кезде жоғалып кеткен. Қыздың әке-шешесі оның үйден қашып кететін әдеті барын айтты. Бұдан мектеп мұғалімдері мен ювеналды полиция қызметкерлері де хабардар болған.
Ескелді ауданының полицейлері облыс орталығындағы әріптестерімен бірлесіп ауқымды іздеу шараларын ұйымдастырды. Нәтижесінде 28 қарашадан 29-на қараған түні оқушы қыз Талдықорғандағы ойын-сауық орталықтарының бірінен табылды.
"Қыз осы уақытқа дейін құрбыларының үйінде болғанын, жақын арада да ата-анасының қасына оралуды ойламағанын айтты. Мектеп оқушысы Ескелді АІІБ-ге жеткізіліп, әке-шешесіне тапсырылды", — деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
Оқушы қызбен кезекті рет профилактикалық әңгіме жүргізілді.