АСТАНА, 30 қараша — Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында 28 отбасы қоныс тойын тойлады. Қуанышты сəтті жылдар бойы күткен тұрғындардың арманы, Тұңғыш президент күні қарсаңында орындалды. Олардың шаттыққа кенелген сəтін облыс əкімі Жансейіт Түймебаев бөлісіп, ізгі тілегін білдірді, деп хабарлайды TVK.
Мереке қарсаңында 2 пәтерлі 14 коммуналдық үй пайдалануға берілді. Баспананың əр шаршы метріне 50 теңгеден есептелінген. Қуаныш иелері айына 3500 теңге төлейді. Құрылысын жүргізуге облыс қазынасынан 342 млн теңге бөлінген.
Баспанаға ие болғандар ата-анасының қамқорлығынан айрылған балалар, көп балалы отбасылар, жалғыз басты аналар мен денсаулығында кінəраты бар жандар. Бұл күні көпшіліктің көзі қуаныштан бал-бұл жайнаса, кейбірінікі жабырқай жасқа толды.
Ордабасы ауданында 30 коммуналдық тұрғын үй бар. Қазіргі таңда көпқабатты үйлердің құрылысын жүргізу жобалары əзірленуде. Ал, үй кезегіне 243 адам тіркелген.