АСТАНА, 29 қараша — Sputnik. Қазақстан 2018 жылы исламтанудың қазақстандық моделін қалыптастыруы мүмкін. Бұл туралы бүгін Қазақстан дінтанушылары VII форумында дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жалпы діни мәселелерде өте көп нәрсе діннің түсіндірмесіне байланысты. Ортағасырлық жазбалардағы мәселелерді қазіргі заманда сөзбе-сөз, дәл сол күйінде іске асыру мүмкін емес. Сондықтан көптеген ел, соның ішінде, өмір бойы шариғат бойынша өмір сүріп жатқан араб мемлекеттері де қасиетті кітаптарда жазылған дүниелерді қазіргі заманға сай келтіріп отыр. Сондықтан біз де өзіміздің тарихи-мәдени құндылықтарымызды ескере отырып, исламды танудың қазақстандық моделін қалыптастыруымыз керек", —деді министр.
Ермекбаевтың айтуынша, қазақстандық моделді іске асыру өте күрделі жұмыс.
"Бұл өте күрделі әрі кешенді жұмыс, сондықтан нақты қашан жүзеге асатынын айту қиын. Бірақ, біздің ойымызша, келесі жылы бұл модель қалыптасуы мүмкін", — деді ведомство басшысы.
Министр бүгінгі форумның мақсаты діни саясатқа ғылыми және әдістемелік негіз қалау екенін айтты.
"Дінтанушылардың жетінші республикалық форумы ҚР Тұңғыш президенті күні қарсаңында өтіп жатыр. Мұның да ерекше нышаны бар деп айтуға болады. Өйткені таяуда ғана Елбасының "Рухани жаңғыру" атты бағдарламасы жарық көрді. Бұл мақаласында Елбасымыз қоғамның санасын жаңғырту туралы айтқан болатын. Бүгінде дін саласында да осындай мақсат-міндеттер тұр. Дінтанушылар, діни қызметкерлер мен студенттер арасында қоғамдық сананы жаңғыртып, прагматизмге, білім мен прогреске талпыныс, ұмтылыс қасиеттерін тəрбиелеу. Осыған байланысты дінтанушыларға, діни қызметкерлерге күнделікті жұмыс жүргізу барысында теоретикалық жəне əдістемелік негіз қажет болып табылады. Бұл форумның басты мақсаты да дін саласында жүргізіліп жатқан саясатқа ғылыми және әдістемелік негіз қалау", — деді Ермекбаев.