АСТАНА, 27 қараша — Sputnik. 2016 жылы Қазақстанда арақ ішуден Ақмола облысы бірінші орынды иеленсе, Оңтүстік Қазақстан облысы ең соңғы орыннан көрінген, деп жазды Finprom.kz порталы.
Ресми статистика бойынша Ақмола облысының тұрғындары арақты ОҚО тұрғындарынан 21 есе көп ішеді екен. Дегенмен мақала авторы өңірлердің сауда нүктелерін аралаған тәуелсіз зерттеушілер арақты тұтынуда айтарлықтай айырмашылықты анықтамағанын жазыпты.
Сонымен қатар, солтүстік өңірлерде жаппай ішкілікке салынудан ауру санының артқаны байқалмаған. Айталық, Ақмола облысы ауру-сырқаудың көптігі бойынша 11-ші орында тұр, бұл республикадағы үздік көрсеткіштердің бірі. Ал "аз ішетін" өңірлердің бірі – Алматы облысы нашар көрсеткіш көрсетуден алғашқы үштікке кірген.
Сондай-ақ ресми мәлімет бойынша арақ өндіру көлемі азайған, 2017 жылдың қаңтар-қазанында бар-жоғы 21,8 миллион литр өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 процентке аз.