АСТАНА, 27 қараша — Sputnik. Үкіметте Астанаға газ құбырын тарту және бұл жобаны арзандату жолдары талқыланып жатыр. Бұл туралы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бозымбаев газ құбыры 3 млрд текшеге есептелгенін атап өтті.
"3 млрд текшеге Қарағанды облысы мен Астананың отын-энергетикалық кешені кіреді. Егер біз Астана ЖЭО-ларын газға ауыстыратын болсақ, онда Екібастұздың арзан көмірімен салыстырғанда жылу бағасы 40-50 пайызға, ал электр энергиясының құны екі есеге жоғары болатынын түсінуіміз керек. Сол себепті қазір үкіметте ұзақ мерзімді қаржыландыруды қалай тарту және бұл жобаны арзандату жолдары талқыланып жатыр. Себебі өңірлердің экологиясын жақсартамыз деп жүріп, тұрмысы төмен азаматтардың қалтасына салмақ түсірмеуіміз керек", — деді ол.
Бозымбаев бұл мәселеге қатысты шешім жыл соңына дейін қабылданатынын айтты.
"Үкіметтің тиісті шешімімен кейінге қалдырылады немесе келесі жылы іске асатынын хабарлаймыз", — деді министр.