АСТАНА, 27 қараша — Sputnik. Оңтүстік Қазақстанда жол апаты салдарынан жеті адам зардап шегіп, бір әйел қаза тапты, деп хабарлайды ОҚО ішкі істер департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы.
27 қараша күні Алматы – Термез трассасында шағын автобус пен жүк көлігі соқтығысқан.
Полицейлер анықтағандай, түн ортасында Hyundai Starex микроавтобусының 33 жастағы жүргізушісі туыстарының тойынан қайтып келе жатып, рөлге ие бола алмай, "КамАз" көлігі тіркемесінің артына кіріп кеткен.
Жол апаты салдарынан зардап шеккен жүргізуші мен жеті жолаушы облыстық ауруханаға жеткізілді, олардың арасында жеті және он үш жастағы екі бала бар. Жолаушылардың бірі – 1981 жылы туған әйел ауруханада көз жұмды.
Осы оқиға бойынша сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеулер жүргізіліп жатыр.