АСТАНА, 24 қараша — Sputnik. Бүгін таңертең Бішкекте Сооронбай Жээнбековті ұлықтау рәсімі өтті. Қырғызстанның сыртқы саясатына тоқталған жаңа басшы Ресей және Қытаймен достық қарым-қатынас, Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимыл туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
ОСК басшысы президент сайлауының қорытындысын оқығаннан кейін, залға жаңадан сайланған басшы Сооронбай Жээнбеков кірді. Ол конституцияға қолын қойып ант берді. Осыдан кейін Жээнбековке байрақ, президенттің куәлігі мен президенттің төс белгісі табысталды. Осылайша, ол қызметіне кірісті.
Жээнбеков өзінің алғашқы жарлығымен Алмазбек Атамбаевты "Қырғыз Республикасының батыры" атағымен марапаттауға уәде берді.
Салтанатты жиында президент елдің сыртқы саяси бағытына тоқталды.
"Қырғызстан халықаралық және интеграциялық процестерге белсене қатысуын одан әрі жалғастырады. Соның ішінде БҰҰ, ШЫҰ және ЕАЭО аясында да белсене жқмыс істейді. Ресеймен одақтастық, достық қарым-қатынас күшейтіледі. Қытаймен байланысымыз да тату көрші ұстанымы бойынша дамиды. Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынас өзара тиімділік негізінде дамитын болады: бір-бірімізге құрмет көрсету және ішкі істерге араласпау. ЕО-мен тығыз диалог жалғасады. Түркия және АҚШ-пен де ынтымақтастық жоспарлы түре дамиды», — деп мәлімдеді Жээнбеков.
Жаңа президенттен кейін Алмазбек Атамбаев сөз сөйледі.
"Көп дүние жасалды, бірақ жоспарлағанның бәрі іске аспады. Оның үстіне тек соңғы жылдары ғана тыныш жұмыс істеуге мүмкіндік болды. Егер үміттеріңізді ақтамасам, мені кешіріңіздер. Бірақ мен халықтың өмірін жақсартуға тырыстым", — деді Атамбаев.