АСТАНА, 24 қараша — Sputnik. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне арналған парламенттік тыңдауда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин судың да сұрауы бар екенін айтып, қолда бар байлығымызды сақтауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Су — тіршіліктің көзі, өмірдің бастауы, адамзаттың қуаты. Онсыз өмір болмайды. Халқымыз айтқандай, су бар жерде, береке де бар. Бүгінде жер бетінде адам саны өскен сайын ауыз су да әлемдік маңызды мәселеге айналды. Біздің елімізде ол ең негізгі сұрақтардың бірі. Осы салада "Таза ауыз су", "Ақ бұлақ" секілді жобалар жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар қазіргі уақытта өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы және "Нұрлы жол" арқылы жалғасын тауып отыр", — деді Нығматулин парламенттік тыңдауда.
Ол бұл жұмысты заң жағынан қолдау үшін мәжілісте көптеген шаруа атқарылып келетінін атап өтті.
"Біздің депутаттарымыз тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар жасап, бюджеттен қосымша қаражат бөлуге де ерекше ықпал етті. Сондықтан ауыз су мәселесін шешуге мемлекет жыл сайын керек қаржы бөледі. Ендігі мәселе оны тиімді пайдалану, ал ол үшін барлық жұмыстарды дұрыс ұйымдастырып, суды пайдаланудың жаңа технологияларын енгізу қажет. Осыған орай жерасты суларын пайдалануға қатысты нақты жоспар жасап, ауылдарда жаңа су құрылыстарын қолға алу керек. Осының барлығы ауыз су мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік береді", — деді төраға.
Бұдан бөлек, оның айтуынша, халық арасында суды үнемдеп пайдалану бойынша ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу керек.
"Себебі судың да сұрауы бар дегендей, бір тамшы суды бағалап, қолда барымызды сақтау —баршамыздың ең үлкен міндетіміз", — деді Нығматулин.