АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. Қазақстанның Қызыл кітабына енген дуадақтарды аулауға ұлттық аңшылық аясында рұқсат етіледі. Бір дуадақтың құны 260 АЕК, ақшалай 590 мың теңгені құрайды. Бұл туралы бүгін ОКҚ брифингінде ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақытбек Дүйсекеев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, табиғаттан алынған жануарлар қайтадан табиғатқа берілуі керек. Сондықтан бұл бағытта жұмыстар қолға алынған.
«Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында үлкен орталық іске қосылды. Орталықтың жылына 5 мыңға дейін дуадақты табиғатқа жіберуге мүмкіндігі бар. Мәселен, биыл 1200 дуадақ Қазақстан даласына жіберілді.
Орталықтың алдыңғы мақсаты – Қазақстан табиғатына жіберілетін дуадақтар санын 15 мыңға дейін өсіру. Келісімшарт бойынша осы жұмыстар іске асып жатыр», — деді ол.