АСТАНА, 21 қараша — Sputnik. Қазақстанның Қызыл Жарты Айы қан тапсырған донорларға iPhone 7 ұтып алуға мүмкіндік беретін әлеуметтік жоба бастады.
«Жобаның мақсаты – Қазақстан халқы арасында ерікті қайтарымсыз қан донорлығын ілгерілету және насихаттау», — делінген хабарламада.
Акция шарты бойынша, 2017 жылдың 21 қарашасы мен 2018 жылдың 30 қаңтары аралығында Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Қарағандыда қан тапсырған кез келген адам жаңа iPhone Red ұтып ала алады. Ол үшін донорлар қан тапсырар алдында акцияға қатысатынын хабарлауы керек.
Әр екі апта сайын ұйымдастырушылар өз еркімен қан тапсырғандар арасында бір-бір iPhone 7 Red ойнатады. Донорлар арасында барлығы он iPhone 7 Red ойнатылмақ. Жеңімпаз кездейсоқ сан генераторы көмегімен анықталады.
Бұған қоса, әлеуметтік жобаға қатысқандарға 500 бонус беріледі. Бонусты картаны электронды техника дүкендерінде пайдалануға болады.