Қоғам

Бас имам: суицид жасағандарды бөлек жерлеуге әуелде тұрғындар қарсы болды

© AP Photo / Sergei Gritsмұсылмандар зираты, архив суреті
мұсылмандар зираты, архив суреті - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Красный Яр елді мекенінде өз-өзіне қол жұмсағандар 2010 жылдан бері бөлек жерленеді

АСТАНА, 21 қараша – Sputnik, Нұргүл Абай. Ақмола облысы Көкшетау қаласына қарасты Красный Яр елді мекенінде суицид жасағандар бөлек жерленеді. Мұндай бастаманы Красный Яр мешітінің бас имамы Науан Мүтәлұлы көтерген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Алмас Сәдубаев - Sputnik Қазақстан
Қоғам
ІІМ Астанадағы жаппай суицид туралы ақпаратты жоққа шығарды

Науан Мүтәлұлы алғаш рет бұл бастаманы өзінің туған ауылы Жаңатілекте (Ақмола облысы Зеренді ауданы) жүзеге асырған. Кейін қызмет бабымен Красный Яр елді мекеніне ауысқаннан кейін, осы жерде де өз-өзіне қол жұмсағандарды бөлек жерлеу мәселесін көтереді. 

"Өз-өзіне қол жұмсағандар көбейіп кеткеннен кейін, осындай бастаманы қолға алдық. Үлкен зираттан бөлек, оқшаулау тұрғаннан кейін адамдарға ой салар деп үміттендік. Әбу Ханифа мазхабында мұны үлкен күнә деп есептеп, жаназасын шығарады. Бірақ тәртібі бойынша жаназасын елдің патшасы, әкімі немесе бас имамдары шығармайды, жай қатардағы намазхан адамдар шығарады. Ондағы мақсат – мұның жек көрінішті амал екенін көрсету", — дейді бас имам. 

Оның айтуынша, 2010 жылдан бері Красный Ярда суицид жасағандар бөлек жерленіп жатыр. 

"Өз-өзіне қол жұмсағандарды орталықтан берілген үлкен зираттың шеті, нағыз бұрышына қойғыздық. Араларында бірнеше метр орын бар. Елді мекенге келіп-кеткен адамдардың өзі "мына кісілер неге бөлек жатыр" деп сұрап жатады. Шыны керек, адамдарға үлкен ой тастап жатыр, жемісін көріп жатырмыз. Суицид жасамақ болған бірнеше адам райынан қайтты", — дейді Мүтәлұлы. 

Имамның айтуынша, жеті жыл ішінде 9-10 адам зираттың шетіне бөлек жерленген. 

Ислам діні - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Дін министрлігі: ұлттық пантеонда әртүрлі діннің өкілдері бөлек жерленеді

"Қол жұмсағандардың дені – жастар, дегенмен үлкендері де жоқ емес. Тіпті 1942 жылғы ақсақал бар", — дейді ол. 

Красный Яр халқы мұндай бастамаға бас кезінде қарсылық танытып, шу шығарған. Кейін тұрғындармен әңгімелесіп, мұның мәні мен маңызын түсіндіргеннен кейін дұрыс шешім екенін ұғыпты. 

"Біздегі тәртіпті естіген адамдар, жақыны өз-өзіне қол жұмсап қайтса, басқа ауылға, алыс жаққа алып кетіп, сонда жерлейді. Себебі біздің позициямызды біледі", — деп түйді сөзін бас имам. 

Жаңалықтар
0