Қоғам

Дін министрлігі: ұлттық пантеонда әртүрлі діннің өкілдері бөлек жерленеді

© Sputnik / Руслан Кривобок / Медиабанкке өтуИслам діні
Ислам діні - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Автордың басқа дін өкілдерінің пантеонда ішімдік ішу мүмкіндігі туралы мәлімдемесі тіл тигізу болып табылады

АСТАНА, 25 ақпан — Sputnik. Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен ұлттық пантеонға қатысты Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің дін істері комитеті өз ұстанымын жариялады. 

Айта кетейік, жақында исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы әлеуметтік желідегі өз парақшасында пантеонда мұсылмандар мен өзге дін өкілдерінің бөлінбегеніне қатысты алаңдаушылық білдірген болатын. 

"Қатар жерленуде. Бұл шариғатқа да, қазақ дәстүріне де қайшы. Ғұламалар басқа дін өкілдерінің зиратына жерленген мұсылманды қайта жерлеу керектігін айтқан. Мұның алды алынбаса, болашақта діни дүрдараздыққа, тіпті ұлтараздыққа себеп болуы мүмкін. Ертең басқа дін өкілдерінің əруағына құрмет ретінде зират басында арағын ішіп, шариғатқа қайшы түрлі əрекеттерін жасап жатқанын көрген мұсылман баласы қандай күйде болуы мүмкін?!", — деп жазған еді ол.

Қайрат Жолдыбайұлының ұлттық пантеонға қатысты қызу талқыға түскен осы пікіріне орай Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің дін істері комитеті өз ұстанымын білдіруді қажет деп тапқан. 

Наурызбай қажы Тағанұлы - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Наурызбай қажы Тағанұлы: парақордың арам жолмен тапқан дүниесінің өтеуі ауыр болады

Комитеттің атап өтуінше, дін саласы, әсіресе әртүрлі діни ұстанымдағы адамдардың арасындағы қарым-қатынасына қатысты сұрақтар әрқашан өткір және сезімтал сипатқа ие. 

"Діни тақырыпты көпшілік алдында талқылауға бел байлаған әрбір адам мүддесін қорғағысы келетін қоғамның, діни қауымдастықтың алдында өз жауапкершілігін сезінуі керек. Пайда жасауды қалай отырып, сөйте тұра объективті емес ақпаратқа сүйене біржақты бағалар беріп, популизмді басшылыққа ала отырып, қоғамдағы қатынастардың дамуына теріс әсер етуге болады. Мәселен, автордың айтуына қарамастан, Пантеонда марқұм болған әртүрлі діндер өкілдерін бөлек, секторалды жерлеу қарастырылған. Архитектуралық жоспар бойынша әр сектор бір-бірінен бөлінген", — деп жазылған хабарламада.

Бұл ретте жерлеу туралы шешім қабылдау барысында қайтыс болған адамның көзі тірісінде ерік білдіруі немесе жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының қалауы ескеріледі екен. Пантеонда жерлену құқығы тек Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға ғана тиесілі екендігін айта кету қажет. Егер жерлеу шарттары осындай құқыққа лайықталған тұлғалардың санатына кірген адамның немесе оның жақын туыстарының көңілінен шықпаса, бұл мәселе олардың қалауын ескеру арқылы шешіледі. 

"Автор мұсылмандарды христиан және басқа дін өкілдерімен бірге жерлеу шариғатқа және қазақ дәстүріне қайшы келеді деген пікірді алға тартады. Бірақ Пантеонның жоспарын талқылауға ислам мен христиандықты қоса алғанда, әртүрлі конфессия өкілдері қатысты. Ал секторалды жерлеу мүмкіндігі туралы шешім олардың ұсыныстарының негізінде қабылданды. Елімізде "Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы" діни бірлестігі тіркелген және ол мұсылмандардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет атқарады. Оның пікірі легитимді және толық сенім тудырады. ҚМДБ-ның дәстүрлі ислам дініне негізделген салиқалы да сындарлы ұстанымы бар. Ол қазақстандық қоғамның әртүрлі этностық және діни топтарын бөлуге емес, керісінше, біріктіруге бағытталған", — деп атап өтеді дін істері комиеті.

Пантеонда мұсылмандар мен христиан зираттарының арасы адам жүретін тас жолмен бөлініп, арнайы ағаштар отырғызу жоспарланған. Жалпы пантеонға бөлінген жердің үлкендігіне байланысты жоспарға сай жерлерді бөлу мен олардың арасына қоршау қою жұмыстары әлі толық бітпеген.

"Автордың басқа дін өкілдерінің Пантеон аумағында ішімдік ішу мүмкіндігі туралы мәлімдемесі тіл тигізу болып табылады. Себебі ешқандай дін бейіт басында ішімдік ішуге шақырмайды. Сонымен қатар Пантеон қоғамдық орын болып табылады. Ал қоғамдық орында ішімдік ішу заңмен қудаланатындығын есте сақтау керек. Қазақстан өз азаматтарының арасында діни немесе этностық нышаны бойынша айырмашылық жасамайтын зайырлы, демократиялық мемлекет болып табылады. Осыған орай, Пантеон әртүрлі дінді ұстанатын азаматтар жерленетін Қазақстан халқының бірлік нышаны болып табылады.Діни сенім әр азаматтың жеке мәселесі болса, Ұлттық пантеон қандай да бір діннің немесе этностың емес, Қазақстанның бүкіл көпэтносты және көпконфессиялы халқының мақтанышы және тарихының нысанасы болуы керек", — түйіндейді мәлімдемесін дін істері комиеті. 

Жаңалықтар
0