АСТАНА, 21 қараша — Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Шеврон» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Джон Уотсонмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның «Шеврон» компаниясымен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысы мұнай-газ саласына қатысты жобаларды бірлесе іске асырудың тиімділігін айтып, Джон Уотсонға осы жұмыстарды атқаруға қосқан үлесі үшін ризашылық білдірді.
Джон Уотсон Қазақстан мен «Шеврон» компаниясының ынтымақтастық мәселелерін талқылап, оны әрі қарай дамытуға қатысты пікір алмасуға мүмкіндік туғызғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
Кездесуде Джон Уотсон Мемлекет басшысына 2018 жылдың ақпан айынан бастап компанияның бас атқарушы директоры қызметін атқаратын Майкл Виртті таныстырды.