АСТАНА, 15 қараша — Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы кездесу барысында үкіметтің жыл басынан бері атқарып жатқан жұмыстарының нәтижелеріне тоқталып, экономиканың түрлі секторындағы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды одан әрі сапалы іске асырудың маңыздылығына назар аударды.
– Жыл аяқталып келеді. Осы уақыт ішінде көп жұмыс атқарылды. Біз ЭКСПО көрмесін, Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитін өткіздік. Басқа да салалардағы жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Жалпы, экономикамыз тұрақты дамып келеді, – деді Елбасы.
Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Президентіне биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары жөнінде баяндап, бірнеше көрсеткіштер мен индикаторлар бойынша оң өзгеріс бар екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Бақытжан Сағынтаев Нұрсұлтан Назарбаевты жалпы капиталға салынған инвестиция көлемі 6,5 пайызға өскені жөнінде хабардар етті. Премьер-министр бұл индикатор бойынша негізгі өсім ел экономикасына тартылған жеке инвестициялар көлемінің артуы есебінен болып отырғанын айтты.
Соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.