АСТАНА, 21 қараша — Sputnik. Екібастұз қаласында жеке тұрғын үй өртке оранып, екі адам көз жұмды. Бұл туралы Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасай отырып pavlodarnews.kz хабарлайды.
Сағат 8:40 шамасында Угольная көшесіндегі жеке тұрғын үйде өрт шығып, баспананың төбесі бұзылған. Оқиға орнына келіп жеткен құтқарушылар 1969 және 1971 жылы туған екі ер азаматтың мәйітін тапты.
"Сағат 11:03 шамасында өрт толығымен ауыздықталды. От шарпыған аумақ 40 шаршы метрді құрады. Бұл жұмысқа өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметінің жеке құрамынан 15 адам және үш техника жұмылдырылды", — деп хабарлады төтенше жағдайлар департаменті.
Қазіргі уақытта өрттың шығу себептері анықталып жатыр.