АСТАНА, 20 қараша — Sputnik. Оралда жеке тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, күйік жарақатын алған жүкті келіншектің құрсағындағы шаранасы шетінеп кетті.
"Әйел баласын өзі туды, бірақ ол шетінеп кетті", — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғали.
Дәрігерлер қазір денесінің 85 пайызы күйіп қалған әйелдің жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр, бірақ бірқалыпты, деп жазады "Мой город" өңірлік сайты.
Айта кетсек, Оралда жеке тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, 6 адам зардап шекті. Жүктіліктің жетінші айындағы 37 жастағы әйел күйік жарақатымен ауруханаға жеткізіледі. Келіншектің күйеуінің айтуынша, ол таңертең үйдегілерге шәй әзірлемек болып ас үйге кірген бетте газ жарылыпты.
"Мен қатты жарылыстан оянып кеттім. Ас үйге жүгіріп барсам, әйелім жанып жатыр. Отты қолыммен сөндіре бастадым. Оның бүкіл денесі күйіп қалды. Мен бірден жедел жәрдем шақырдым, олар оны ауруханаға алып кетті", — деді ол.
Әйелден өзге отбасындағы 5 адам да ыстан уланып, ауруханаға жеткізілген. Бірақ дәрігерлер келіншектің жұбайы мен 3 балаға және олардың әжесіне төніп тұрған қауіп жоқ болғандықтан үйге жіберіпті.