АСТАНА, 19 қараша — Sputnik. Оралда жеке тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, күйік жарақатын алған жүкті келіншек санавиациямен Астанаға жеткізіледі, деп хабарлайды "Мой город" басылымы өңірлік төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасай отырып.
Зачаган шағын ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде 18 қарашада таңертең газ баллоны жарылып, өрт шықты.
"Жарылыс салдарынан ас үйдің төбесіне зақым келген. Оқиға орнынан 1980 жылғы жүкті әйел, сондай-ақ 41 жастағы ер адам 3-5 пайыз күйік жарақатымен және табиғи газдан уланған 62 жастағы әйел ауруханаға жеткізілді", — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар жарылыс орнынан алты адамның ауруханаға жеткізілгенін хабарлады, оның ішінде үшеуі бала.
"Ер адам мен әйел қалалық ауруханаға жеткізілді, бірақ кейін олар үйіне жіберілді. Сондай-ақ облыстық балалар ауруханасына әкелінген газдан уланған үш бала да кейін үйлеріне босатылды. Қазір жүкті әйелді Астанаға жөнелту мәселесі шешіліп жатыр", — деді денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Ақпараттық портал тілшілері зардап шеккен жүкті келіншектің күйеуі Руслан Нығметовпен сөйлесті. Оның айтуынша, таңғы 9 шамасында үйдегілер ұйықтап жатқан уақытта әйелі ас үйге барған.
"Мен қатты жарылыстан оянып кеттім. Ас үйге жүгіріп барсам, әйелім жанып жатыр. Отты қолыммен сөндіре бастадым. Оның бүкіл денесі күйіп қалды. Мен бірден жедел жәрдем шақырдым, олар оны ауруханаға алып кетті. Сондай-ақ газдан уланды деген күдікпен мені, әжемізді және үш баланы да ауруханаға жеткізді. Менің тек қолым ғана күйіп қалды", — деді Нығметов.
Оның айтуынша, бүгін кешке Астанадан маман келіп, келіншегінің жағдайын қарап, елордалық клиникаға алып кетуі тиіс.
"Әйелім есін жиды, бірақ жансақтау бөлімшесінде жатыр. Дәрігерлер сәбидің аман екенін айтты", — деді ол.
Жүктіліктің жетінші айындағы 37 жастағы келіншек 85 пайыз күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілген болатын.