АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Алмазбек Атамбаев Қазақстан тарапынан айтылып жатқан сынды рақаттана қабылдайтынын жасырмады, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
Қорытынды баспасөз мәслихатында Атамбаев Қазақстанды тағы да айыптады.
"Әр нәрсені өз атымен атау керек. Бізге блокада жариялады. Барлық жүк өтіп жатыр, бірақ жүргізушілер бірнеше тәулік бойы шекарада тұрады. Біз оларға тамақ тасып жатырмыз, медпункт аштық. Бүгін азық-түлікке тағы миллион сом бөлетін шығармын. Есесіне біздің ісімізге араласқысы келетіндерге бұл сабақ болды. Біз мықты бола түсеміз, бұл жағдай бізге зиянын тигізіп жатыр деп ойламаймын", — деді Атамбаев.
Президент осы тұста "сайлау кезінде ақша таратқан Қазақстан ҰҚК қызметкерін" мысалға келтірді.
"Мен дұрыс істедім деп ойлаймын, келесі сайлауда өз пікірін тықпаламайтын болады. Бір жылдары парламент сайлауында Қазақстан ҰҚК қызметкері ақша таратқан кездер де болды. Содан кейін біз оған елге кіруге тыйым салдық", — деп мәлімдеді Қырғызстан президенті.
Атамбаев көрші елмен қарым-қатынас жақсаратынына сенетінін айтты.
"Оларға бұл сабақ болды – біздің іске араласпау керек! Жағдай реттеледі, әйтпесе бұл өзін азаматтық мемлекет, ДСҰ-ға мүше ретінде көрсететін Қазақстан үшін де тиімсіз… Біз мұның бәрі бос дүние екенін көріп тұрмыз", — деді Атамбаев.
Осы орайда Атамбаев қазақстандық депутаттар мен министрлер тарапынан айтылып жатқан сынды рақаттана қабылдайтынын жасырмады.
"Мен баспасөз мәслихатының басында оларға жауап берген едім, бірақ қайталап айтайын, мен бұдан рақаттанамын", — деді президент.
Атамбаев президенттікке үміткер болған Өмірбек Бабановты да сөзбен шағып алды.
"Басқа ел президентінің батасын алып, қазақ олигархтарына сатылғанша, өз жолымен кетуі керек еді. Ол өз халқына қарсы шыққанда, оны Құдай жазалады", — деді Алмазбек Атамбаев.
Қырғызстанда 15 қазанда президент сайлауы өтті. Президенттікке 11 кандидат үміткер болды. Сайлау қорытындысы бойынша билік партиясынан үміткер, экс-премьер Жээнбеков 54,7% дауыс жинап, жеңіске жетті. Жаңа мемлекет басшысын ұлықтау рәсімі 24 қарашада өтеді.
Айта кетсек, қазақ-қырғыз шекарасындағы проблемалар 10 қарашада басталды. Қазақстан билігінің мәлімдеуінше, бұған "сұр импортпен" күрес себеп болған.