АСТАНА, 20 қараша — Sputnik. Сочиде өтіп жатқан самбодан әлем чемпионатында Қазақстанның ескі әнұранының фонограммасы қосылған. Трибунада отырған қазақстандықтар әнұранды жанды дауыспен шырқап, мәселені шешіп берді.
Қазақстандық спортшы Есет Қуановты алтын медалмен марапаттау кезінде ұйымдастырушылар осындай қателікке бой алдырыпты.
Ескі әнұран ойналғанда, Қуанов басын шайқап, қателік кеткенін көрсеткен. Сол кезде трибунада отырған отандастарымыз орындарынан тұрып, әнұранды фонограммасыз айтып берді. Комментатор мен көрермендер қазақстандықтарға разы болып, диктор жіберілген ағаттық үшін кешірім сұрады.
Оқиғаның видеосын Дидар Нөкеш есімді әлеуметтік желі қолданушысы жариялап, еліміздің әнұранын ылғи шатастырып алатынын атап өтті.