АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. Петропавлда жол апаты құрбандарын еске алу мақсатында үлкен автошеру өткізілді, деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Жол апаты құрбандарын еске алуға бағытталған көліктердің жаппай шеруін полиция ұйымдастырған. "Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы" науқаны аясында Петропавлда отыз үш көлік автопатрульмен бірге автошеруге қатысты.
Шеру барысында эвакуаторлар үстінде жол апатынан сау тамтығы қалмаған көліктер де көрсетілді. Осы көліктер қатысқан жол апаты Солтүстік Қазақстанда талай адамның өмірін қиды, авто шеру соларды еске алу мақсатында өткізіліп отыр.
Солтүстік Қазақстан облысында статистика бойынша жол апаты саны он алты пайызға, зардап шеккендер көлемі он сегіз пайызға азайыпты.