АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. Талдықорғанда кешкісін Қаратал өзенінің жағалауында осы жылы жол апатынан қаза тапқандардың рухына бағышталған 328 әуе шамы ұшырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл еске алу шарасын жергілікті полиция қызметі Дүниежүзілік жол апаты құрбандарын еске алу күніне арнап ұйымдастырған. Шараға облыстық прокуратура қызметкерлері, жергілікті әкімдік, полиция мен Талдықорған тұрғындары қатысты. Жол апаты саны туралы деректер айтылып, қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы статистика келтірілген.
Шараның мақсаты – қоғамның назарын жол апаты мәселесіне аударып, оның қорқынышты салдары туралы ескерту.
Аталған деректер бойынша, өңірде жыл басынан бері жол апатынан 328 адам қаза тауып, екі мыңға жуығы әртүрлі жарақат алған.