АСТАНА, 17 қараша — Sputnik. Түркия үкіметі экономикалық өсімді ынталандыру үшін ел тұрғындарына тосын ұсыныс жасады. Билік өкілдері халықтан сандықта сақтаулы тұрған алтындарын шығарып, орталық банкке өткізуге шақырып отыр. Олардың айтуынша, бұл қадам мемлекетке де, қарапайым азаматтарға да тиімді болмақ, деп хабарлайды 24 хабар.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда халықтың қолында 2 мың тоннадан аса алтын бар. Егер бұл қазына айналымға шықса, түрік экономикасы жанданып, екінші тынысы ашылғалы тұр.
Түрік қоғамында алтын тағу дәстүрі ежелден бар. Бұл елде сыйлықты ақшалай емес, алтынмен апталған, күміспен қапталған бағалы әшекеймен беру жөн саналады. Өйткені қағаз ақша құнсызданса да, сары алтын құнын еш уақытта түсірмейді. Сондықтан сәби дүние есігін ашқанда, туған-туыстары көрімдікке қазір нарықтағы құны 18 мың теңге болатын 1 грамдық алтынды төсқалтасына салады. Яғни адамның әр қуанышы осылай сүйіншіленеді. Бұл – жергілікті халықтың қанына сіңген дәстүрі. Соның есебінен бүгінде әлеуметтің қолында кемінде 2200 тонна алтын жинақталып қалған. Ал оның нарықтағы құны 100 млрд АҚШ долларына тең.
Қазан айының басында Түркия президенті сандықта сақтаулы осы алтындарды айналымға шығаруға шақырды. Ол үшін үкімет арнайы бағдарлама да әзірлепті. Оның аясында кез келген азамат банкте депозит ашып, жиған-тергенін сақтауына болады. Есесіне салымшыға жылына 2,5% мөлшерде үстеме төленеді. Сарапшылар бұл қадам Орталық банктың алтын қорын ұлғайтып, елдегі инвестициялық ахуалды жақсартатынын айтады.
Билік өкілдері жаңа бағдарлама қараша халықтан қолдау табатынына сенімді. Деректерге көз жүгіртсек, 1 айдың ішінде банкке мөлшері 2,5 тонна болатын алтын бұйымдарын өткізуге 13 мыңға жуық азамат өтініш білдірген. Оның ішінде Түркияның ірі қалалары Ыстамбұл, Анкара, Измир мен Анталия тұрғындары көш бастап тұр.