АСТАНА, 3 қазан — Sputnik. "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодекс жобасына сәйкес елімізде бағалы металдар мен асыл тастарды іздеп, өндіру талаптары жеңілдетіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бағалы металдар мен жартылай асыл тастарды іздеп, өндіру мүмкін болады. Геология комитеті анықтаған аумаққа лицензияны әкімдіктер "бірінші келді" қағидасы бойынша береді", — деді инвестициялар мен даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев мәжілісте өткен кодекс жобасының таныстырылымында.
Лицензия үш жылға беріледі. Өз қондырғысының болуы міндетті талап болмақ. Учаскенің аумағы бес гектардан көп болмауы тиіс, барлау тереңдігі үш метрден аспауы керек.
"Қопарылмаған және химиялық реагенттер жоқ, шашыранды жер қойнауларында бағалы металдар іздеуге рұқсат етіледі. Салық төлемей, жылына 50 килограмм алтын өндіруге болады", — деді ол.
"Халықаралық тәжірибе бойынша бағалы металдар мен асыл тастарды өндіруге жеңілдетілген лицензия беріледі. Осының арқасында алтын өндіру нарығын "көлеңкеден" шығарамыз. Тиісінше жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке салық түседі", — деп атап өтті Тоқтабаев.
Оның айтуынша, Қазақстанда қазіргі уақытта бағалы металдар мен асыл тастарды өндіру бойынша бірқатар мәселе бар. Келісімді рәсімдеуге екі жыл, одан кейін алтынның қорын анықтауға үш жыл, өндіруге кірісу үшін тағы екі жыл керек.
"Айталық, сізде учаске бар делік, онда 100 кг алтын бар, сіз тек жеті жылдан кейін ғана оны өндіре аласыз. Ешкім осынша уақыт күтпейді. Енді жеңілдейді, лицензияны ресімдейсіз, ештеңені растаудың қажеті жоқ. Тек 50 килограмм мөлшерінде шектеу қойылды", — деп түйді вице-министр.