АСТАНА, 17 қараша — Sputnik. Алматы облысында Талғар полициясы үйінен қашып кеткен оқушы қызды іздеп тапты, деп хабарлайды Алматы облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
15 қараша күні Бесағаш ауылында тұратын ерлі-зайыпты полицияға жүгініп, кәмелетке толмаған қыздарының жоғалып кеткенін айтқан.
Анықталғандай, жергілікті мектепте жоғары сыныпта оқитын қыз бір тәулік бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен. Ата-анасының айтуынша, қыздары бұған дейін үйден ұзаққа кеткен емес. Аудандық полиция барлық жайтты ескеріп, оқушыны іздеуге кірісті.
"Іздеу шаралары барысында 15 жасар оқушы Алматыдағы саябақтардың бірінен табылды. Қыз аман-есен, қазір ата-анасының жанында. Ол туған ауылында іші пысқандықтан, қашып кеткенін айтты", — деп хабарлайды облыстық полицияның баспасөз қызметі.
Ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған жеткіншекпен профилактикалық әңгіме жүргізді.