АСТАНА, 16 қараша — Sputnik. "Астана аруы-2017" атағын жеңіп алған Нұрсұлу Бегжанова өз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Астана аруы" Нұрсұлудың қатысуға бел буған алғашқы байқауы екен. Сондықтан бойжеткен қатты уайымдағанын айтады.
"Мен өте қуаныштымын, бақыттымын. Байқауда жеңу үшін барымды салып тырыстым. Мен бұған лайықпын деп ойлаймын. Бұл байқау өте үлкен өмірлік тəжірибе. Ол сенің басқа қырдан ашылып, танылуыңа көмектеседі. Жеңгеніме өте қуаныштымын. Байқауда бақ сынағаныма еш өкінбеймін. "Астана аруы" байқауы менің өзіме деген сенімімді арттырды, өзімді бұрынғыдан да сенімдірек, əдемірек сезінемін. Қатысушылардың барлығы сұлу қыздар, бір-бірінен асып түседі", — деген ару жеңісін Астанаға арнайтынын жеткізді.
Нұрсұлу оқумен қатар әртіс болып жұмыс істейді. Ол спортпен шұғылданады, сондай-ақ атқа мінгенді жақсы көреді.
Айта кетсек, бірінші вице-мисс атағын қазақ агротехникалық университетінің екінші курс студенті 18 жастағы Анастасия Шимина жеңіп алса, 19 жастағы Маймуна Күлкешова екінші вице-мисс атанды. Сондай-ақ биыл сұлулық байқауында алғаш рет "Туризм аруы" номинациясы бекітілген. Бұл номинацияда 21 жастағы Жанна Сағындықова топ жарды.
Биыл сұлулық сынында 17 мен 24 жас аралығындағы 18 бойжеткен бақ сынады. Жалпы, байқау 4 кезеңнен тұрды.